Жұмыстан қысқарту кезінде қойылатын талаптар
Жұмыс беруші қызметкерлерді жұмыстан қысқартқанда қандай талаптарды ескеру керек?
Перизат БЕКЕНОВА, Қызылорда облысы
Заңгер маманның айтуына қарағанда, ҚР Еңбек кодексі (54-б. 1-т. 2-тт.) жұмыс берушіге өз бастамасы бойынша қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайда қызметкермен еңбек шартын бұзу құқығын береді.
Кодекстің 185-бабына сәйкес, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын қызметкерлер саны немесе штатын қысқарту негіздемесі бойынша бұзуға тек жүкті әйелдермен, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен, 14 жасқа дейінгі баланы (18 жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де тұлғалармен ғана бұзуға жол берілмейді.
Еңбек шартын бұзу жұмыс беруші тарапынан келесідей процедуралардың сақталуымен жүзеге асырылуы тиіс.
– Егер еңбек шартында, ұжымдық шартта ескертудің анағұрлым ұзақ мерзімі белгіленбесе, жұмыс беруші қызметкерлер штатын қысқарту бойынша еңбек шартын бұзатыны туралы қызметкерге бір ай бұрын жазбаша ескертуге міндетті.
– Еңбек шарты осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 2) – 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұзылған кезде қызметкер келіскен жағдайда жұмыс беруші оны басқа жұмысқа ауыстыру шараларын қабылдауға тиіс.
Сонымен қатар «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі №453 Заңының 24-б. 4-т. сәйкес, мемлекеттiк органның штаты (саны) қысқарған жағдайда мемлекеттiк қызметшiге мемлекеттiк органдардағы жұмыс өтілі үш жылдан кем болмаған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде шығу жәрдемақысын төлеу жүргiзiледi.
Жұмыс берушіңіз тарапынан осы заң нормалары сақталмаған жағдайда сізге жергілікті әкімшіліктің жанындағы мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдану қажет.