Жұмыстан босағанда есеп айырысу қалай жүргізіледі?
Мен 2012 жылдың маусым айында кезекті еңбек демалысында болып, тамыз айынан қайта жұмысқа шыққан едім. Таяуда басқа жұмысқа ауыстым. Есеп бөлімі менімен толық есеп айырысты. Бірақ толық есеп айырысқанда бес айлық жұмыс уақытым үшін еңбек демалысының ақысын төлемей отыр. Осы заңды ма?
Камилә, Қостанай облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, Еңбек кодексінің 110-бабына сәйкес еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндерi үшiн өтемақы төлемi жүргiзiлуі тиіс.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретiн жұмыс өтіліне:
1) нақты жұмыс iстелген уақыт;
2) қызметкер нақты жұмыс iстемеген, бiрақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе iшiнара сақталған уақыт;
3) қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығына, оның iшiнде жүктiлiгiне және босануына орай демалыста болған уақытына байланысты нақты жұмыс iстемеген уақыт;
4) қызметкер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс iстемеген уақыт қосылады.
Бұл ретте, жыл сайынғы еңбек демалысының жалпы ұзақтығын есептеу кезiнде жыл сайынғы қосымша еңбек демалыстары жыл сайынғы негiзгi еңбек демалысына қосылады. Пайдаланбаған демалыс күндерінің (оның ішінде қосымша демалыс) саны жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретiн жұмыс өтіліне үйлесімді есептеледі.