Жүкті әйелдерге дәрі-дәрмек тегін
Мен жүктілігіме байланысты демалыста отырмын. Дәрігерлерге тегін тексеріліп жүрмін. Естуімше, жүкті келіншектерге дәріханалардан да тегін дәрі-дәрмек беріледі дейді. Сол рас па?
Бибігүл МӘУЛЕНОВА, Ақтөбе облысы
ҚР «Халық денсаулығын қорғау туралы» Заңға сәйкес, жүкті әйелдер тегін медициналық жәрдемнің кепілді мөлшері аясында тұрғылықты мекенжайына тәуелсіз түрде тегін кеңес алуға, қаралуға, емделуге және диспансерлік бақылаудан өтуге құқылы. Сондай-ақ осы заңда екіқабат әйелдердің тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетіні көрсетілген. Бірақ олар Үкіметтің қаулысымен бекітілген тізім бойынша беріледі. Дәріхана мамандары препараттарды әйел репродукциясы мен сәби денсаулығына қауіп төндірерлік ауру түрлерін амбулаторлық деңгейде емдеу мақсатымен дәрігер жазған рецепт арқылы ғана тегін бере алады. Бұдан басқа дәрі-дәрмектер мен биоактивті қоспалар ақылы.