Жол ережесін бұзғандарға айыппұл қалай есептеледі?
Мен енді ғана көлік жүргізуді үйреніп жүрмін. Жол қозғалысы ережелерімен енді-енді танысып жатырмын. Қызықтыратыны – жол қозғалысы ережелері бұзылғаны үшін қанша көлемде айыппұл салынады?
Айдын БЕКЕТҰЛЫ, Астана қаласы
Бүгінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекс пен «Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы» Заңына өзгерістер мен қосымшалар енгізілді. Заң нормаларында автокөлік апатының деңгейін төмендету және алдын алу әкімшілік-құқықтық әрекетінің тиімді және қазіргі заманғы әдісі қарастырылған. Мәселен, бірінші рет жол ережесін бұзушылық үшін айыппұл ғана салынса, бұл жағдай келесі қайталанған кезде айыппұлмен қоса жол қозғалысы ережесі бойынша білімін тексеру жүзеге асырылады. Ал үшінші жол ережесін бұзушылық үшін көлік құралын басқару құқығынан айыру көзделген. Альтернативті айып мөлшері шектелгенімен, көлік құралын басқару құқығынан айыру жағдайының біртұтас мерзімі енгізілуде. Жауапкершілікті арттыру шаралары да қарастырылуда. Көлік құралын басқару кезінде қауіпсіздік белдігін тақпағандығы үшін бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынса, көлікті мас күйінде жүргізгені үшін алғаш рет ұсталған адам екі жыл мерзімінде көлік басқару құқығынан екі жылдық мерзімге айыру жазасы қолданылады. Үшінші рет мас күйінде көлік жүргізген адам 10 жыл мерзімінде көлік жүргізу құқығынан айырылады. Белгіленген жылдамдықты жоғарылатқандығы үшін 5-тен 15-ке дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Көше қиылысын жүріп өту бұзушылығы үшін 5 және қайталанған жағдайда – 15 АЕК айыппұл төлеу міндеттелсе, жолдың қарсы бағытына шығып кету ереже бұзушылығы үшін 15 АЕК және қайталанған жағдайда жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылады.