Алматы облысында жер сілкінісі жиі болып тұрады. Кейде үш балл, кейде төрт балл деп жатады. Осы өлшемдердің әсерлері қандай? Төрт балдық сілкіністің әсері мен бес балдық сілкіністің әсері қандай?
Арманбек ТӨЛЕУБЕКОВ, Алматы қаласы
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының мәліметінше, Алматы болжау полигоны аумағындағы жер сілкінісі MSK-64 сейсмикалық шкаласы бойынша өлшенеді.
IV балдық дүмпу – көзге көрінетін сілкініс. Бұл кезде әйнектер дірілдейді, үй қабырғалары мен жақтаулар, люстралар, ілінген заттар селкілдейді, сұйықтық тербеледі.
V балл – мамандардың тілінде «ояну» делінеді. Бұл жағдайда ұйықтап жатқан адамдар селк етіп оянады. Есік-терезелер кенеттен ашылып кетеді. Қабырғаларға сызат түсуі мүмкін. Жануарлар мазасыздана бастайды, ит үріп, қораз шақыруы мүмкін.
VІ балл – үрейлі дүмпу. Сілкініс көп адамның мазасыздығын, үрейін туғызады. Үй қабырғаларының арасы ашылуы мүмкін. Ұсақ-түйек бұйымдар орнынан қозғалып, теңселеді. Ағаштар сынып, құлайды.
VІІ балл – ғимараттар қақырайды. Адамдардың бір орында тұруы қиындайды. Үй жиһаздары қирайды, панельді типтегі және кірпіш нысандарда үлкен сызаттар пайда болады, ағаш жақтаулар құлап түседі.
VІІІ балл – ғимараттар қатты қирайды. Панельді типтегі ғимараттар мен кірпіш үйлердің қақ бөлінуі байқалады. Саман үйлер бұзылады. Әлсіз қабырғалардың бәрі жермен-жексен болады. Пеш мұржалары мен құбырлар бекітілген орындарынан ажырап құлайды. Кейбір үйлердің қабырғалары іргетасынан тайып кетеді. Қыраттардан топырақ сырғуы мүмкін.
ІХ балл – ғимараттардың жаппай зақымдануы. Панельді типтегі баспаналарда терең жырықтар пайда болып, бұзылуы мүмкін. Саман үйлер түгел қирайды. Кірпіш ғимараттардың шатыры ортасына түседі. Мүсін-ескерткіштер мен биік бағандар қирайды. Байланыс нашарлайды. Көшкін болады. Жер қыртысында жарықтар пайда болады.
Х балл – ғимараттардың жаппай қирауы, орасан зор зілзала. Бөгеттер мен плотиналар зақымданады. Көпірлер қирайды. Жол қатынастары үзіледі. Теміржолдар қисайып, жерасты құбырлары мен инженерлік желілерге үлкен зақым келеді. Жерде шыңыраулар пайда болады. Адамдардың қирандылар астында қалу, ойықтарға түсіп кету қаупі күшейеді.
ХІ балл – катастрофа. Ғимараттардың барлық материалдан соғылған түрлері түгел қирайды. Барлық инженерлік желілер, құбырлар, мұржа-бағандар, тіректер, сымдар түгел деформацияға ұшырап, жарамсызданады. Таулардан көшкін сырғиды.
ХІІ балл – рельефтің өзгеруі немесе «ақырзаман». Жердің үстіңгі қабаты радикалды өзгерістерге ұшырайды. Көлдер мен сарқырамалар пайда болады, лай көшеді, топырақ борайды, шыңыраулар көбейеді. Жер беті тып-типыл болады.
Зілзаланың күші қандай болғанда ғимараттар түгел қирайды?
Последние статьи автора