Кейде үй жиһаздарымның бетіне дақтар тұрып қалады. Мұндай дақтар неден пайда болады екен және оларды қалай кетіру керек?
Жазира ЕРЖАНОВА, Алматы қаласы
Үйдегі жиһаздарды дұрыс қоя білген жөн. Ол үшін жиһаздарды пештен, батареядан, сол сияқты есік пен терезенің жанынан кем дегенде жарты метрдей жерге қою керек. Өйткені жиһаздар жылу не күн сәулесінің әсерінен сынып кетуі мүмкін, не оның бетінде түрлі дақтар пайда болады, оған бөлменің қалыпты температурасы мен ылғалдылығы да әсер етеді. Кейде айнадай жарқыраған үстел үстіне ыстық шәйнекті немесе үтікті қоя салсаңыз, әлгі жер ақтаңдақтанып қалады. Осы бір қолайсыз дақты кетіруге болады. Ол үшін өсімдік майы мен этил спиртін бірдей мөлшерде араластырып, қоспаға жұмсақ шүберекті батырып алып сүртеді, сонда үстел беті бұрынғы түріне еніп, жалтырайды. Жиһаздарда дақтар пайда болмас үшін оның бетіне қонған шаң-тозаңды күнделікті ең алдымен сулы, артынша құрғақ шүберекпен сүртіп отыру керек.