Жігіт те балдыз бола ма?
Қазақтың туыстық атауларына қазіргі кезде заманға сай өзгерістер енген бе, әйтеуір бір нәрсені түсіне алмай-ақ қойдым. Бір жерде балдыз деп тек қыздарға айтса, кей жерлерде әйелінің інісін де балдыз дей береді екен. Негізі, ол атау тек қыздарға ғана қатысты айтылмай ма? Осының анығын жазсаңыздар екен.
Данияр Нүсіпбеков, Алматы қаласы
Балдыз (ер, әйел) – әйелінің інілері мен сіңілілері жігітке «балдыз» болады... Бұлар бір-бірімен өте тату жүреді, бірін-бірі ренжітпеуге тырысады. Олардың жарасымды әзіл-қалжыңдары өле-өлгенше таусылмауға тиіс. Мұндай әзілде апалары да туыс жағына бұрылып кетеді. Сондықтан да жезде мен балдыздың өзара әзілдесуі қазақта ешқандай ерсі саналмайды. Мәселен, жезде балдыз-жігіттерге «тағы бір қыз беріңдер» деп кергісе, балдыз-қыздарға «өзіңді алсам» дегенді де батыл айта алады. Қазақта әйелі қайтыс болған жігіт тағы да отау құрғысы келсе, онда жұбын басқа жақтан іздемейді. Ол өзінің қайын жұртынан тағы бір қыз (әрине, күйеу жас әрі сыйлы болса) сұрауға, алуға хақы бар. Бұл қазақи әдет-ғұрыпта бар нәрсе. Өкінішке қарай, бұл дәстүрдің жібі қазір үзіліп бара жатыр.