Қазақ ертегілерінде жүкті әйел аюдың жүрегіне, қасқырдың етіне жерік болыпты деген мысалдар жиі кездеседі. Менің білгім келетіні, жерік асты жемесе не болады?
Ақтоты Сыдықбекова, Алматы облысы
Тілімізде «жерік асын жегендей балбырады», «жерік асы табылғандай қуанды» дейтін сөз тіркестері адамың ерекше қуанған, рақатқа бөленген сәтін білдіреді. Келіншектің бойына бала біткенде асқа тәбеті шаппай, жиі-жиі лоқсып, құса берсе, бұл – жерік болу. Ал осы кезде оның бір тамаққа ықыласы керемет күшті болып, соны қатты іздесе, бұл – жерік асы. Яғни болашақ ананың аңсары ауған тағамы табылып, соны құмары қанып жесе, еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ғажайып рақат сезімге бөленеді. Қазіргі медицина тілімен жеткізсек, жеріктік – жүкті әйелдің ағзасында дәрумендер мен минералды заттарға деген қажеттіліктің қалыпты мөлшерден артқанда пайда болатын құбылыс. Жерік асын құмарлана жей алмаған, жерігін баса алмаған әйелдің көңілі орнына түспейді және балалары әлжуаз, аурушаң, тіпті кемтар тууы да мүмкін екен. Демек, жүкті әйелдің жерік асын жеуі құрсақтағы сәбидің денсаулығы үшін өте пайдалы. Егер халық даналығына сенер болсақ, сәбилердің аузынан сілекейінің ағуы анасының жүкті кезінде жерік асын жемеуінен болады. Әжейлердің айтуынша, әйел іштегі баласының көзі бітерде жерік болатын көрінеді.
Жерік асты жемесе не болады?
Последние статьи автора