Жер сілкінісіне қатысты ұғымдардың мәнін білейін деп едім
«Сейсмикалық толқын», «сейсмикалық энергия», «сейсмикалық белдеу» ұғымдарының анықтамасын білгім келеді. Бұлар нені білдіреді?
Сағынғали Әлімқұлов, Алматы облысы
Сейсмологтердің мәліметінше, сейсмикалық толқын деп жер сілкінісі әсерінен туатын серпінді толқынды, жарылысты немесе соққыны айтады. Оның көлемді және жердің үстіңгі қабатында ғана білінетін солғын түрі болады. Көлемді сейсмикалық толқын жерді бойлай немесе көлденеңінен соғуы мүмкін. Жерді тереңінен бойлай соғатын толқын бастапқы әрі жылдам дүмпу саналса, мамандардың айтуынша, көлденеңінен соғатын толқын алғашқы дүмпуден кейін болады. Тербеліс кезінде сейсмикалық толқынды туғызатын энергияның бір бөлігі сейсмикалық энергия делінеді. Ал сейсмикалық белдеулер дегеніміз – жер сілкінісі ошақтары шоғырланған ғаламдық аумақтар. Жер шарында үш негізгі сейсмикалық белдеу бар: Тынық мұхиты, Жерорта – Азия және Моңғол – Байкал.