Желтоқсанда қардың болмауы нені білдіреді?
Желтоқсан айына қатысты қандай халықтық наным-сенімдер бар? Бұл айда қардың болмауы нені меңзеуі мүмкін?
Айдос Есқожаев, Қарағанды қаласы
Қыстың алғашқы айы – желтоқсанның ауа райына қатысты халықтық жорамалдар көп. Халқымыз бұл ай жауын-шашынсыз құрғақ болса, алдағы көктем мен жаз да сондай болады деп қауіптенген. Сол себепті желтоқсанда қар көп жауса, жақсылыққа балаған. Желтоқсанда ағаштарды қырау көп басса, көнекөздер «алдағы жаз астықты болады» деп ырым етеді. Ал православ дінінің өкілдері желтоқсанның 12-сіне дейін қар жаумаса, боран болмаса, қаңтар айына дейін күн ашық болады деп есептеген. Сондай-ақ желтоқсанның соңғы күндері аяз болса, шоқыну мерекесінде де аяз күшті болады деген сенім бар. Айта кетейік, «Қазгидромет» кәсіпорнының мәліметінше, желтоқсан айында ауа температурасы айлық қалыпты мөлшерден ауытқымайды.