Желтоқсан оқиғасы құрбандары туралы білгім келеді
1986 жылдың 16 желтоқсанында Д.А.Қонаевтың Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатылуы қазақ жастарының наразылығын туғызып, соңы Желтоқсан оқиғасына ұласқан еді. Бұл көтеріліс Қонаевтың қазақ үшін қаншалықты ардақты екенін көрсетті. Менің білгім келетіні, Желтоқсан оқиғасы құрбандары жөнінде мәлімет нақтыланды ма?
Анар Мұстафина, Алматы қаласы
Желтоқсан оқиғасына қатысты ресми мәлімет бойынша, 1986 жылдың 16-18 желтоқсаны күндеріндегі ереуілге қатысты деген күдікпен 8500 адам ұсталған. Олардың 1700-і құқық қорғау қызметкерлерінің соққысына ұшырады. 5324 адам прокуратура мамандарының жауап алуында болған. 850 адам Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті органдарында тергелді. 900 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1400-ге жуық ереуілші партиялық ескерту алды. 319 адам жұмыстан қуылып, 309 студент оқудан шығарылған. 99 желтоқсаншыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бір адам түрмеде қайтыс болды. Ал нақтыланбаған деректер бойынша, ереуіл кезінде және одан соң 174 адам қайтыс болып, олардың дені «Батыс» зиратына жасырын жерленген.