– Желтоқсан көтерілісі үлкен тарихи оқиға. Тәуелсіздік үшін, азаттық үшін қаншама жігіттеріміз бен қыздарымыз ерлік көрсетті, жанын пида етті. Жалпы Желтоқсан көтерілісі кезінде неше адам жапа шекті?
Батырхан, Оңтүстік Қазақстан облысы
Қоғам қайраткері, Желтоқсан оқиғасына байланысты төрт кітап шығарған жазушы Қайым-Мұнар Табей мырзаның айтуынша, Желтоқсан көтерілісінен 33 мың адам жапа шеккен. Сондай-ақ, 1986-шы жылы желтоқсан айында Алматыдағы наразалық шеруіне он мыңнан астам жас қатысқан. Алаңда, алаңнан тыс жерде екі мыңнан астам адам шейіт болған. Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың 100-ден астамы кейін әр түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылып, 8 мыңнан астам адам оқу орындары мен жұмыстарынан босатылған. Дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі империяның құрсауында шынжыр боп шырмалған, бұғау боп күрмелген қазақ халқының езгіге қарсы үздіксіз күресінің заңды жалғасы болып табылады. Бұл зар заманнан басталған талайлы тағдырының, арман-мақсатының, күрсінісі мен күңіренісінің бар болмысын танытатын қайсар өрлігінің жалғасы.