Жекешелендіру инвестициялық купондарынан пайда бола ма?
Тоқсаныншы жылдары алынған жекешелендіру инвестициялық купондары түкке жарамай қалды ма? Сол кезде «осының арқасында кәсіпорын иесі боласыңдар, дивиденд төленеді» деген уәде берілген еді.
Айбарша Қасымбекова, Тараз
Бұл сауалға Қаржылық қадағалау агенттігі мамандары мынадай түсініктеме береді. Пайлық жекешелендіру купондары оны ұстаушыларға акционерлік қоғам жұмысын басқару, директорлар кеңесін сайлауға, қоғам шешімімен келіспесе сотқа беруге, қоғам таратылған жағдайда оның мүлкін иеленуге талаптануға құқылы. Алайда көп жағдайда бұл тәртіптер ескерусіз қалды. Бірқатар қорлар өзінің құрылымын өзгертіп, басқа заңды тұлғаға айналды. Өзіңіз пайыңызды тапсырған қорға қатысты деректерді анықтау үшін Қаржы министрлігі құрамындағы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен Әділет министрлігінің тіркеу қызметі комитетіне сауал жолдауыңызға болады. Қорлар мен акционерлік қоғамдар акционерлер құқығын аяқасты еткен жағдайда Азаматтық кодекстің 9-бабына сәйкес, сотқа азаматтық құқық пен заңды мүддесін қорғау туралы шағым түсіруге болады.