Жеке бизнес ашу үшін қандай құжаттар жинауым керек?
Көптен бері қолға алған ісім бар еді. Ол шағын бизнес саласында бір жеке кәсіпорын ашу болатын. Бұған қандай құжаттар жинауым қажет?
Серікбек, Қостанай қаласы
Бұл сұраққа ҚР Әділет министрлігінің сайтынан жауап алдық. Мамандардың түсіндіруінше, серіктестікті тіркету үшін алдымен аталған нысан орналасатын мекенжайдағы Халыққа қызмет көрсету орталығынан кеңес алған жөн. Заңды тұлғаларды тіркеуге алу үшін талап етілетін құжаттар төмендегідей:
– бекітілген нұсқадағы өтініш;
– құрылтайшы бекітіп, нотариуспен куәландырылған жарғы (қазақ және орыс тілдерінде, 3 дана);
– заңды тұлғаның мекенжайын анықтайтын куәлік;
– нысанды тіркету үшін белгіленген мөлшерде ақы төлегенін растайтын түбіртек;
– жеке куәлік немесе төлқұжат;
– салық төлеуші ретіндегі куәлік.
Серіктестікті 2008 жылдың 16 қыркүйегінде қабылданған ҚР Үкіметінің №852 «Шағын, орта және ірі кәсіпкерлік нысандары болып табылатын заңды тұлғалардың типтік жарғысын бекіту туралы» қаулысы негізінде де тіркетуге болады. Мұндай жағдайда сізден заңды тұлғаның жарғысы талап етілмейді.