Мен мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Осы жылдың желтоқсан айында зейнеткерлікке шығамын. Білгім келгені, зейнеткерлікке шыққан соң ұстаздық қызметімді одан әрі жалғастыра беруіме бола ма, жоқ әлде мұны шектейтін заң бар ма?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшы маманы Ш.Молдабекова:
– ҚР Еңбек кодексінің 240-бабына сәйкес (Азаматтық қызметшілермен еңбек шартын тоқтатудың қосымша негізі), қызметкерлермен еңбек шартын тоқтату үшін осы кодексте белгіленген негіздермен қатар, азаматтық қызметшілердің Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуі олармен еңбек шартын тоқтатудың қосымша негізі болып табылады. Мемлекеттік мекеменің (қазыналық кәсіпорынның) басшысы, не жауапты хатшысы немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де лауазымды адам зейнеткерлік жасқа жеткен, кәсіптік және біліктілік деңгейі жоғары қызметкермен оның еңбекке қабілеттілігін ескере отырып еңбек шартын жыл сайын ұзартуы мүмкін.