«Жедел жәрдемнiң» жазуы неге терiс жазылады?
Жедел жәрдем көлiктерiнiң бiрнешеуiнен «03» деген санның астындағы «Реанимация» деген жазудың терiс қарай жазылғанын байқадым. Бұл қателiк пе?
Сандуғаш СӘКЕНОВА, Алматы қаласы
Сiздiң сауалыңызға Алматыдағы «Медициналық жедел жәрдем» ММ автокөлiктерге жауапты маманы Андрей Драгой жауап бередi:
– Рас, жедел жәрдем беру көлiктерiнiң алдында «Реанимация» деген сөз терiс жазылады. Бұл – қателiк емес, әдейi қолға алынған амал. Аты айтып тұрғандай, жедел жәрдем көлiгi қоңырау шалынған жерге тез жетуi керек. Мұндай көлiкке еш нәрсе кедергi болмауы тиiс. Бiз көше-жолдарда асығып келе жатқанда, алдымыздағы көлiктер сөзге келместен жол беруi қажет. Ол үшiн жедел жәрдем көлiгiнiң жазуы алда келе жатқан жүргiзушiге дұрыс оқылғаны жөн. Егер «Реанимация» деген сөз оңынан жазылса, бұл алдыңғы көлiк иесiнiң айнасына керiсiнше түсiп, оқылмайды. Сол себептi жедел жәрдем, басқа да шұғыл қызметтер көлiктерiндегi маңызды жазулар терiс қарай басылады. Мұндай тәжiрибе барлық дамыған мемлекеттерде қолданылады.