Жазушының қандай еңбектері бар?
Сафуан Шаймерденовтің қандай еңбектері бар?
Жеңіс Исмайл, Алматы
Жазушының алғашқы көркем шығармасы – «Болашаққа жол» романы 1953 жылы жарық көрді. Романда Қазақ университетінің зиялы қауымы – профессорлары, оқытушылары және студенттерінің өмірі суреттеледі. Шаймерденов «Инеш» (1958) романын, «Мінез» (1960), «Мезгіл» (1964), «Таныс көрші» (1965), «Қарғаш» (1967), «Жыл құсы» (1969), «Сыбызғы сазы» (1971), «Өмір нұры» (1972), «Селдің екпіні» (1977), «Мәжнүн тал» (1980), «Әдеби толқындар» (1985), «Ағалардың алақаны» (1987) әңгіме-повестер жинақтарын, балаларға арналған «Жанар мен Данар» (1964), «Шалдуар» тағы басқа кітаптар жазған. Оның «Дөкей келе жатыр» (1979), «Өкіл әке» (1982) тағы басқа пьесалары республикалық және облыстық драма театрларында қойылған. Бірқатар шығармасы республикалық баспалардан орыс тіліне аударылып, жарияланды. Л.Н.Толстойдың «Альберт» (1965) повесін, Р.Тагордың «Күйреу» (1958) романын, «Алтын сағым» (1960) повестерін қазақ тіліне аударған. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1988). Оған Р.Тагор кітаптарының аудармасы үшін Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығы берілді (1982). «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальмен марапатталған.