Жаз мезгілінде денсаулықты қалай күткен жөн? Белгілі бір диеталар ұстау керек пе?
Гүлбақыт ЖОЛДАСОВА, Астана қаласы
Жазды күні шамадан тыс күнге қыздырынуға болмайды. Өйткені күннен түскен ультракүлгін радиациялық сәулелер ағзада және көз бұршағында бірте-бірте жинала беріп, адамды ісік-қан ауруларына және катарактаға шалдықтыруы ықтимал. Сондай-ақ түрлі ауруларға ұшырамау үшін адамның күнделікті ішіп-жейтін тамағының құрамында дәрумендердің мөлшері, әсіресе С және В2 дәрумендері жеткілікті мөлшерде болуы тиіс. С дәрумені қарақат, укроп, көкжуа, қымыздық, қызанақ, қияр, сәбіз, өрік, апельсин, лимон, картоп, ормажапырақта көбірек болады. Ағзада С дәруменін жинау үшін жаз, күз айларында жоғарыда келтірілген көкөніс, жеміс-жидектерді көбірек жеген дұрыс. Өйткені қыс, көктем айларында көкөніс, жеміс-жидектер жеткілікті мөлшерде бола бермейді әрі сапасы жағынан да төмендеу болады. Көкөніс, жеміс-жидек дәрумендерінің көпшілігі адам организмінің склерозға қарсылығын күшейтіп,адам өмірін ұзартуға да әсер етеді. В2 дәрумені сиырдың сүті, жұмыртқа, картоп, сәбіз, қара нан, бұршақ тағамдарында көп болады.Тағамда В2 дәрумені жетіспеген жағдайда адамның терісі құрғап, ерні жарылады, жүзіне әжім түсіп, адам жасына жетпей мосқал тарта бастайды. С және В2 дәрумендері қазақ халқының ұлттық тағамдарында: қымызда,шұбатта, айранда, құртты езіп істеген көжеде,бидай көжеде, тары көжеде мол болады. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, Қазақстанда ұлттық тағамдарға қосымша көкөніс пен жеміс-жидектерді пайдалану мөлшері мүлде аз. Сондықтан адам ағзасын қажетті табиғи дәрумендермен қамтамасыз ету үшін көкөніс, жеміс-жидектермен қоса, ұлттық тағамдарды да қоса пайдалануды әр отбасы әдетке айналдыруы тиіс.