Неліктен Австралияның мемлекеттік гербінде кенгуру мен түйеқұс (страус) бейнеленген? Кенгуру мен эму түйеқұсы сол «жасыл» құрлықта кездесетін болғандықтан ба?
Алмас Жарасбай, Шымкент
Әлбетте, қалталы жануар кенгуру мен эму түйеқұсы тек Австралия құрлығын мекен ететін ерекше жануарлар екені рас. Көпшілік арасында тараған пікірлер бойынша, кенгуру мен эму түйеқұсы артқа жүре алмайды, тек алға қарай қозғалады. Сол себепті бұл жануарлар Австралияның гербінде прогрестің символы ретінде бейнеленген. Жануарлар көрініс тапқан Австралия гербі ең алғаш 1908 жылдан бері король VII Эдуардтың ұсынуымен бекітілген екен. Ал жасыл құрлықта ғана мекен ететін кенгурудың ғылымға белгілі 69 түрі бар екен. Кенгуру атының шығу төркіні де қызық. Бұл жануарды алғаш рет көрген келімсек еуропалықтар жергілікті аборигендерден «бұл қандай мақұлық» деп сұрағанда «кенгуру», яғни «мен түсінбеймін» деп жауап берген екен. Содан бері өзгеше қалталы жануар кенгуру деп аталып кеткен.