Жарты ставкаға ауыстыру қалай жүргізіледі?
Мен бұған дейін толықтай штатта жұмыс істеп жүрген едім, жуырда мені 0,5 ставкаға ауыстыру жөнінде бұйрық шығарылды. Бұл заңды әрекет пе? Жарты ставкаға ауыстыру қалай жүргізіледі?
Әбдімәлік БАҒАШАРҰЛЫ, Алматы
Қызметкердің еңбек жағдайларын өзгерту тәртібі ҚР Еңбек кодексінің 48-бабымен белгіленеді. Аталған бапқа сәйкес, өндiрiстi ұйымдастырудағы, соның iшiнде қайта ұйымдастыру кезiндегi өзгерiстерге және жұмыс берушiнiң жұмыс көлемiнiң қысқаруына байланысты қызметкер еңбек шартында келiсiлген тиiстi бiлiктiлiктегi лауазым, мамандық немесе кәсiп бойынша жұмысын жалғастырған кезде оның еңбек жағдайларын өзгертуге жол берiледi. Еңбек жағдайлары өзгерген кезде еңбек шартына немесе ұжымдық шартқа тиiстi толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiледi. Егер еңбек шарты мен ұжымдық шартта ескертудiң анағұрлым ұзақ мерзiмi көзделмесе, жұмыс берушi қызметкерге немесе оның өкiлдерiне еңбек жағдайларының осы баптың 1-тармағында көрсетiлген себептер бойынша орын алған өзгеруi туралы бiр айдан кешiктiрмей жазбаша түрде ескертуге тиiс. Егер қызметкер жұмысты жаңа жағдайда жалғастыруға келiспесе, онда жұмыс берушi бар болса, қызметкердiң бiлiктiлiгi мен денсаулық жағдайына сәйкес келетiн өзге жұмысты, ал мұндай жұмыс болмаса, қызметкердiң бiлiктiлiгi мен денсаулық жағдайы ескерiлiп, ол орындай алатын, бос тұрған төмен лауазым немесе ақысы төмен бос жұмысты жазбаша нысанда ұсынуға мiндеттi. Еңбек жағдайларының өзгеруiне байланысты қызметкер жұмысты жалғастырудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда қызметкермен еңбек шарты осы кодекстiң 59-бабы 1-тармағының 2-тармақшасында көзделген негiз бойынша тоқтатылады. Егер осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлар қызметкерлердiң санын немесе штатын қысқартуға әкеліп соғуы мүмкiн болса, жұмыс берушiнiң жұмыс орындарын сақтау мақсатында қызметкерлер өкiлдерiнiң пiкiрiн ескере отырып, толық емес жұмыс уақыты режимiн енгiзуге құқығы бар.