УЕФА кубогының Стамбулда өткен соңғы финалынан кейін шетелдік басылымдар «38-рет өткен Еуродода» деп жазды. Қалай 38 ғана болады, бұл Кубок сонау 1955 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жоқ па?
Қанат Сыздықов, Қарағанды қаласы
1955 жылы 18 сәуір күні үнемі халықаралық жәрмеңке өтіп тұратын Базельдің іргесіндегі Райнфельден деген жерде теңбіл доп додасы өткізіледі. Алғаш рет өткізілген турнирге Еуропаның 10 қаласының құрама командалары қатысады. Әуелде бұл доданың «Жәрмеңке кубогы» аталуы осыдан. «Жәрмеңке кубогының» бірінші додасы 1955-58 жылдар аралығында өтсе, екінші додасы 1958-60 жылдар аралығында өткізілген. Бұдан соң бұл Кубок жыл сайын өтіп тұратын болады. Әрі жыл сайын бұл додаға қатысатын командалар саны арта береді. Мысалы, 1968-1969 жылдардағы маусымында 64 команда сынға түседі. Сондай-ақ бастапқыдағыдай Еуропа қалаларының құрама командалары ғана емес, жекелеген клубтар қатысатын болады.
1971 жылы бұл доданың «жәрмеңкелік турнир» санатынан әлдеқайда асып түскендігі көпшілікті қатты ойлантады. Сондықтан 1971 жылы УЕФА бұл доданы ұйымдастыру мәртебесін өз қолына алып, «УЕФА кубогы» деген айдармен өткізе бастайды. Осыдан бастап аталмыш турнирге Еуропа елдері чемпионаттарының жүлдегерлері қатыстырыла бастайды. 1999-2000 жылдардың маусымынан бастап, УЕФА кубогына әрбір елдердің ұлттық кубоктарының жеңімпаздары да қосыла бастады. Себебі осы маусымнан бастап УЕФА кубогы мен Кубок иегерлерінің кубогы додалары біріктірілген болатын.
Шетелдіктердің биылғы УЕФА кубогын «38-дода» деп жазуларының сыры – «Жәрмеңке кубогының» есепке алынбауында. Себебі 1971 жылға дейін ұйымдастырылған «Жәрмеңке кубогы» УЕФА туының астында өткен жоқ. Сондықтан олар УЕФА кубогы ретінде есепке алынбайды.
Жақында УЕФА кубогының соңғы додасы аяқталды. Келесі жылдан бастап аталмыш теңбіл доп додасы «Еуропа кубогы» деген жаңа айдармен өтпек.
«Жәрмеңке кубогы» есепке алынбайды
Последние статьи автора