Заңгерлік кеңес тегін болады
Бізде заңгерлік кеңес көбіне ақылы түрде көрсетіледі. Тегін заңгерлік көмекті қайдан алуға болады, жалпы бізде бұл жағы қарастырылған ба?
Шәмшия Бердібаева, Қарағанды
Жуырда Парламент мәжілісінде «Мемлекеттің кепілді заңгерлік көмегі туралы» жаңа заң жобасы мақұлданды. Бұл құжатқа сәйкес барлық мемлекеттік органдар алдына өтінішпен келген кез келген адамға құқықтық ақпарат түрінде тегін заңгерлік көмек беруге міндеттеледі. Жаңа актінің қабылдануы Ата Заңның 13-бабында жазылған азаматтардың тегін кәсіби заңгерлік көмек алу құқығын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Бұл тегін заңгерлік көмек берудің тиімді жүйесін құру арқылы орындалады. Заң жобасы бір ғана заң актісінде заңгерлік көмек көрсету мәселелерін реттейтін құқықтық нормаларды жүйелейді. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқықбұзушылық істер бойынша адвокаттарды іріктеудің жаңа тәртібін енгізу де қарастырылды.
Тиісті өзгертулер мен қосымшалар Қазақстан Республикасының Қылмыстық процессуалдық, Азаматтық процессуалдық және Әкімшілік құқықтарды бұзушылық Кодекстеріне де енгізіледі.