Жалғызбасты аналарға қандай әлеуметтік көмек тиесілі?
Мен жалғызбасты анамын. Бір балам бар. Айлық жалақым – 80 мың теңге. Осы орайда, менің білгім келгені, менің жағдайымда жалғызбасты аналарға қандай әлеуметтік көмек пен жәрдемақы берілуі тиіс?
Мәдина, Қарағанды
Сарапшы маманның мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жалғызбасты аналарға әлеуметтік кепілдемелер жалпы негізде қаралған.
Отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы айлық табысы белгіленген азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алуға құқылы. Әр балаға берілетін жәрдемақының мөлшері 1 (АЕК) айлық есептік көрсеткіште.
Бұдан басқа белгіленген кедейлік шегінен отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы төмен болған жағдайда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер бола алады. Бұл көмектің айлық мөлшерін уәкілетті орган отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен облыста белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырмасы түрінде есептейді.
Сонымен бірге тұрғын үй көмегі – сол жерде тұрақты тұратын және тұрғын жайдың меншік иесі немесе жалдаушысы (қосымша жалға алушылары) болып табылатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен беріледі. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқару органдары белгілейді.
Бұдан басқа, облыс, қала және аудан әкімдері, меншік нысанына қарамастан ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің басшыларына өз құқығы мен құзыры шегінде әлеуметтік қорғауға мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау жөнінде қосымша шараларды белгілеу құқығы берілген.