Жағажай Азиадасы деген қандай дода?
Жақын күндері ел спортшылары жағажай Азиадасына аттанады деп естідім. Ол қандай турнир? Қазақстан мұнда спорттың қанша түрінен қатыспақ? Бұл қандай доданың жазғы Азиадаға қатысы бар ма?
Әсем КЕРІМОВА, Алматы қаласы
Жағажай Азиадасы – теңіз жағасында өтетін үлкен дода. Мұнда спорттың бірнеше түрінен жүлделер жиынтығы сарапқа салынады. Биыл жағажай Азиадасы екінші мәрте өтпек. Тұңғыш рет бұл турнир осыдан екі жыл бұрын Индонезияның Бали қаласында өткен болатын. Ол кезде жерлестеріміз ашық теңіздегі су добынан жеңімпаз атанған. Бұдан бөлек, жағажай волейболынан 1 күміс, екі қола медальды қоржынға салған.
Ал бұл жолы жағажай Азия ойындары Оман астанасы Маскатта желтоқсанның 8-і мен 16-сы аралығында өтеді. Спорттық бағдарламаларда біз түсінетін де, түсінбейтін де спорт түрлері бар. Мәселен, триатлон, жағажай волейболы, ашық теңіздегі су добы, жағажайдағы гандбол, жағажайдағы бодибилдинг секілді спорт түрлерін білетін болсақ, Тайланд каббадиі, сепактакроу, тент-пеггинг секілді спорт түрлерінің қалай ойнатылатынын көз алдымызға елестете алар емеспіз. Бір қызығы, Қазақстан спортшылары жағажай Азиадасында осы тент-пеггингтен де бақтарын сынап көрмек. Сонымен қатар Маскатта спортшыларымыз жағажай волейболынан, ашық теңіздегі қол добынан, триатлоннан, ашық судағы марафондық жүзуден және желкенді қайық жарысынан жүлделерді сарапқа салады. Иә, жазғы Азиадада кеткен есемізді жағажай Азиадасында қайтара алар ма екенбіз? Оны енді алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық.