Өткенде күн бірден суытып, үйде пеш жағуыма тура келді. Оның үстіне, кішкентай балаларым бар. Осы кезде пештен ақау шығып, ыстан уланық қалдық. Сұрайын дегенім, осындай кезде ыс тиген адамға қалай алғашқы медициналық жәрдем көрсеткен дұрыс?
Лаура, Алматы облысы
Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының айтуынша, пештен бөлінген газдан уланған жағдайда адамды газға қарсы тұтқыш кигізіп, таза ауаға алып шығу керек. Мүмкін болса оттегі берген жөн. Зардап шегуші дем ала алмай, есінен танған болса, оған жасанды дем салу қажет. Уланған адамның денесін уқалау оның бойына қан жүгіртіп, ес жиюға көмектеседі. Қажет болған жағдайда науқастың аяғына жылытқы басқан абзал. Мүсәтір спиртін иіскетіп, мұрны мен үстіңгі ернінің аралығына массаж жасау керек. Ыс тиген адам есін жинаған соң жылы шай ішкені дұрыс. Алғашқы жәрдем көрсеткен адам науқастың ұйықтап кетуіне жол бермеуі тиіс.