ХХ ғасырдағы қазақтың социалистік партиясын білеміз бе?
Біз Әлихан Бөкейхановтың бастамасымен құрылған «Алаш» партиясы жайлы жақсы білеміз. Десек те, сол 1917 жылы қазақ даласында Көлбай Тоғысов «Үш жүз» партиясын құрған. Осы екі саяси ұйымның бір-біріне бәсекелес болғаны рас па?
Әсия НҰРЛЫБАЙ, Көкшетау қаласы
«Үш жүз» партиясы 1917 жылы қазан-қараша айларында құрылды. Бұл партия өз жұмысын ұлттық-саяси ұйым ретінде бастап, өздерін «қазақтың социалистік партиясы» деп те атады. «Үш жүз» саяси ұйымының көсемі адвокат, журналист және драматург Көлбай Тоғысов еді. Десе де, партияның алғашқы төрағасы Мұқан Әйтпенов болды. Саяси ұйымға рухани жетекшілік етуде Шаймерден Әлжанов та ерекше еңбек сіңірген. Өздері «Үш жүз» атты газет шығарып, оған Тоғысов редакторлық етті. Бұл партияның идеясын сол кездегі қазақ зиялылары Әбілхайыр Досов, Ысқақ Кабековтер де қолдады. «Үш жүздің» алғашқыда «Алаш» партиясымен жақындасқысы келгенімен, кейіннен саяси ахуалға байланысты іргесін аулақ салып, большевиктер мен солшыл эсерлерге жақындай түсті. Қазан төңкерісі жеңіске жеткен соң, «Алаш» партиясына қарсы ашық күреске шығып, ол партияның оппонентіне айналды.