Хоккей таяқшасын қалай таңдап аламыз?
Шайбалы хоккей таяқшасының ұзындығы қанша болуы керек? Ол ойыншының бойына байланысты бола ма? Сондай-ақ салмағы қанша болады?
Қуаныш Бөлегенов, Қарағанды облысы
Хоккей таяқшасы төртке бөлінеді. Атап айтқанда:
• 4-7 жас аралығындағы балаларға арналған;
• 7-14 жас аралығындағы жеткіншектерге арналған;
• 14-17 жас аралығындағы бозбалаларға арналған;
• 17 жастан жоғары ересектерге арналған.
Алайда аласа бойлы және салмағы жеңіл (70 келіге дейінгі) ойыншылар әлбетте бозбалаларға арналған таяқшамен ойнайды. Әу баста ересектерге арналған таяқшаның салмағы шамамен 440 грамм болатын. Бірақ қазір жасалған материалына қарай бұдан да ауыр болуы мүмкін. Негізінен, ойыншы хоккей таяқшасын оның ұзындығы мен басының иілуіне қарай таңдап алады. Әлбетте хоккей таяқшасын өзіңе шақ етіп таңдап алу үшін оны жерге тігінен қояды. Сонда таяқшаның ұзындығы ойыншының иегіне (немесе мұрнына) дейін жетуі керек.
Хоккей таяқшасын таңдап алу кезінде, ең бастысы, оны қалай ұстайтындығыңызға көңіл аударуыңыз керек. Мысалы, кейбіреу сол жағына, ал енді біреулер оң жағына ұстайды. Егер сізге таяқшаны өз ыңғайыңызға салып ұстағанда, сол қолыңыз оң қолыңыздан төмен орналасса, онда сіз – хоккей таяқшасын сол жағыңызға ұстайтын ойыншысыз. Ал егер оң қолыңыз сол қолыңыздан төмен болса, онда – хоккей таяқшасын оң ұстайтын ойыншысыз. Мұның сыры – таяқшаның шайба ұратын басының сол жаққа немесе оң жаққа имек болатындығында. Яғни сіз хоккей таяқшасын оң ұстайтын ойыншы болсаңыз, басы сол жаққа иілген таяқшамен ойнап жетістірмейсіз.