Қазіргі кезде күнделікті тіршілікте, жұмыс орнында тұрмыстық химиялық заттармен (аэрозольдар, бояулар, т.б.) жұмыс істейміз. Қолданыс кезінде кейде ондай заттардың үстімізге тамуы, көзге шашырау жағдайлары болып тұрады. Сондай-ақ тұрмыстық химиялық заттармен жұмыс істеген соң кешке бас ауыратын кез жиі болады. Менің білгім келгені тұрмыстық химиялық заттарды қолданған соң бастың ауруы улану белгісі ме? Уланған жағдайда не істеген дұрыс? Улану белгілері қандай?
Ғалия БАЙСЕИТОВА, Алматы қаласы
Ә.М. ҚҰРБАНОВ, ҚРДСМ МСЭКК «Алматы қаласының дезинфекция стансысы» РМҚК маманы:
– Химиялық заттарды қолданғанда сақтық шараларын қатаң ескеріп, арнайы киімдер (халат, комбинезон, баскиім, алжапқыш, жеңқап, резеңке қолғап, герметикалы қорғаныс көзілдірігі (ПО-2, ПО-3 моноблок), патроны «А» маркалы противогазы бар универсалды респираторларды (РУ-60м, РПГ-67)) кию керек. Көзге тамғанда, көп мөлшерде сумен шайып, 1-2 тамшы 30% натрий сульфаты ерітіндісін, ал ауырған жағдайда 2% новокаин ерітіндісін тамызу керек. Дененің ашық жеріне тиген кезде дәке тампонымен сүртіп, сабындап жуу қажет. Ал асқазанға байқаусызда түскенде, 2% ас содасының ерітіндісімен жуған абзал.
Улану белгілері: ауызда жағымсыз дәм пайда болады, әлсіздік, бас ауруы, жүрек айнуы, тыныс алу жолдарының тітіркенуі және т.б.
Уланған адамды таза ауаға шығарып, ауызын, мұрнын 2% ас содасы ерітіндісімен шаю керек. Адсорбенттері бар 1-2 стакан су ішкізу қажет. Уланған адам дәрігердің көмегіне жүгінуі тиіс.
Улы иістен тазарту үшін жұмыс бөлмесін дезинсекциялау қажет.
Дезинсекциялау кезінде бөлмеде адам болмауы, терезе ашық болуы тиіс.
Дезинсекция жүргізілгеннен кейін бір тәулік өткенде, бөлме ішін сабынды-содалы ерітіндіні қолданып (30-50г кальцинирленген соданы 1 литр суға қосады), ылғалды тазалау өткізу керек.
Химиялық заттарды пайдаланғанда, сақтық ережесін ескеру қажет
Последние статьи автора