Хатшыға жалақы қай санат бойынша төленеді?
Мен жазда салық мекемесіне жұмысқа кірген едім. Білімім жоғары. Штат қысқаруына байланысты мені хатшы қызметіне ауыстырды. Осы орайда менің білгім келгені, жалақы төлеуде жоғары білімім ескеріле ме? Маған қай санат бойынша жалақы төленуі тиіс? Тағы бір сұрайын дегенім, қарызды жалақыдан ұстап қалуға бола ма?
Майгүл ӨРКЕНБАЕВА, Алматы облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысымен реттеледі.
Қаулының 3-тармағына сәйкес, ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары (ставкалары) (ЛЖ) атқаратын лауазымдарының лауазымдар санаттарына жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілік разрядтарына (жұмысшылар үшін) қарай лауазымдық жалақыларын (ставкаларын) есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген базалық лауазымдық жалақының (БЛЖ) мөлшеріне көбейту жолымен айқындалады.
Қаулыға 1-қосымшада бекітілген Азаматтық қызметшілердің санаттар бойынша лауазымдарының тізіліміне сәйкес, хатшы лауазымы – G-14 санатына жатқызылған.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 137-бабына сәйкес, мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын қызметкердің жалақысынан ұстап қалу сот шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жүргізіледі. Қызметкердің өзі жұмыс істейтін ұйымға берешегін өтеу үшін оның жалақысынан ұстап қалу қызметкердің жазбаша келісімі бар болған кезде жұмыс берушінің актісі негізінде жүргізілуі мүмкін. Ай сайынғы ұстап қалудың жалпы мөлшері қызметкерге тиесілі жалақының 50 пайызынан аспауға тиіс.