Халықтың әлеуметтік тұрмысы қандай?
Жуырда «Стратегия» орталығы қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын анықтауға байланысты арнайы сауалнама жүргізген еді. Соның нәтижесі қалай болды екен? Қысқаша ғана баяндап берсеңіздер?
Марат ТҰРДЫҚҰЛОВ, Алматы қаласы
Әлеуметтік сауалнама 1-16 наурыз аралығында елдің 16 өңірі мен Алматы және Астанада жүргізілді. Оған 1628 респондент қатысты. «Стратегия» қоғамдық қорының президенті Гүлмира Илеуованың айтуынша, зерттеу нәтижесінде 69 пайыз қазақстандықтар Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жайлы және тыныш деп бағалаған. Оның айтуынша, елде «бұлыңғыр, шиеленісті жағдай қалыптасып отыр» дейтіндер үлесі «2009 жылғы наурызбен салыстырғанда, 51 пайыздан 26 пайызға төмендеген». Елдегі жағдай «қиын, жарылыс алдында тұр» деп бағалайтындар үлесі «жыл бойына 4-6 пайыз деңгейінде сақталып отыр». Сауалнама қорытындысында, наурызда сауал жүргізілген респонденттердің 49 пайызы бір жылдан кейін олардың отбасы қазіргіден жақсы өмір сүреді деп есептейтіндігі; респонденттердің үштен бірі (35 пайыз) олар бір жылдан кейін де қазіргідей өмір сүреміз деп есептейтіндігі анықталған. Бұл ретте респонденттердің 5 пайызы жағдайларының нашарлауы мүмкіндігін болжаған.