Соңғы кездері Wi Fi дегенді жиі еститін болдым. Ол не? Қазіргі заманғы компьютерлік қондырғылардың бірі ме?
Wi Fi – ағылшын тілінен аударғанда «сымсыз нүкте» деген ұғымды білдіреді. Ол – белгілі нысандарда (ертеде салынған тарихи ғимарат болуы мүмкін) кабельді жүйені тарту мүмкін болмаған жағдайда немесе экономикалық жағынан тиімсіз болғанда орнатылатын қондырғы. Ұялы телефондарға қарағанда, ол әлемнің барлық елдерінде бірдей жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ғаламторға кабельсіз ену нүктесі көптеген мекеме-ұйымдарда қолданысқа енгізілген. Аталған қабылдау-тарату қондырғысымен жабдықталған ғимараттарда пайдаланушылар ену нүктелері арқылы бір жерден екінші жерге жылжып жүріп жұмыс істей беруіне болады. Ол ғаламтор арқылы секундына 1-ден 2 Мбитқа дейінгі мәліметтерді таратуды қамтамасыз етеді. Жалпы, Wi Fi алғаш рет 1991 жылы Нидерландыда дүниеге келген екен. Алғашқы кезде кассалық қызмет көрсету жүйелеріне арнап жасалған қондырғы нарыққа WaveLAN маркасымен шығарылыпты.