Вахталық жұмыс ұзақтығы 30 күннен аспауы керек
Мен Маңғыстау облысы Қарақиян ауданында орналасқан Құрық портындағы «Ерсай» жекеменшік мекемесінде вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Өзім Орал қаласының тұрғынымын. Мекемемен арадағы еңбек келісімшарты бойынша, 75 күн жұмыс істеп, 12 күн демаламыз. Бұл еңбек заңына қайшы емес пе?
Жандарбек ИСАҒАЛИЕВ, Орал қаласы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшы маманының мәліметіне қарағанда, ҚР Еңбек кодексінің 212-бабына сәйкес, объектіде жұмыс орындау уақытын және ауысымаралық тынығу уақытын қамтитын кезең вахта деп есептеледі. Вахтаның ұзақтығы күнтізбелік 30 күннен аспауға тиіс. Осы орайда вахтаның 75 күн болып белгіленуі қолданыстағы еңбек заңнамасына қайшы келеді және бұл заңбұзушылық жөнінде мекеме қызметкерлері Маңғыстау облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне (жазбаша) мәлімдегені жөн.