Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндерге мереке күндері үшін ақы екі есе төлену керек пе?
Мен вахталық әдіспен 28/28 жұмыс істеймін. Еңбек шарты бойынша жексенбі демалыс күні болып есептеледі. Естуімше, демалыс күні жұмыс істегені үшін екі есе ақы төленуі керек екен. Алайда біздің мекеме жексенбі күніне жай күндегідей ақы төлеп отыр. Осы заңды ма?
Шерхан ЖАНДАРБЕКОВ, Ақтөбе облысы
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі — Кодекс) 213-бабына сәйкес жұмыстың вахталық әдісі кезінде айлық, тоқсандық немесе өзге де неғұрлым ұзақ, бірақ бір жылдан аспайтын кезең ішіндегі жұмыс уақытының жиынтығы есебімен белгіленеді.
Жұмыс уақытының жиынтық есебі қолданылғанда орташа жалақыны есептеу үшін орташа сағаттық жалақы пайдаланылады.
Орташа сағаттық жалақы есепті кезеңде есептелінген жалақы сомасын осы кезеңде нақты атқарылған жұмыс сағаттарына бөлу арқылы белгіленеді.
Жұмыс вахталық әдіспен атқарылғанда вахтааралық демалыс іс жүзінде демалыс күндері болып есептеледі.
Бұл ретте жұмыс вахталық әдіспен атқарылғанда жұмыскердің вахтада болу күндері демалыс күндеріне (соның ішінде, Кодекс бойынша демалыс күндері болып саналатын Құрбан айттың бірінші күніне және 7 қаңтар — Рождествоға) түсетін болса, олар жоғарылатылған көлемде төленбейді. Себебі олар вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкер үшін әдеттегі жұмыс күні болып саналады.
Ал жұмыскердің вахтада болуы кезіне мереке күндері түсетін болса, осы күндердегі жұмыс үшін қызметкерге оның қалауы бойынша басқа демалыс күні (вахтааралық демалыс күндерінің үстінен) беріледі немесе қызметкердің бір күндік (бір сағаттық) ставкасына қарай екі есе мөлшерден кем емес көлемде төлемақы жүргізіледі, себебі «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына сәйкес Қазақстан Республикасында мереке күндері жұмыс күні болып есептелмейді.