Валюталар атауында ұқсастықтар көп
Көп мемлекеттің валюталарының атаулары ұқсас болып келеді. Қазақстанның ұлттық валютасына аттас ақша бар ма?
Майгүл Кеңес, Алматы
Иә, дұрыс айтасыз. Жалпы, Еуроодақ елдерін санатқа алмағанда, көптеген мемлекеттің ұлттық валютасы аттас болып келеді. АҚШ пен Австралияның маңайындағы аралдар мен ұсақ мемлекеттер төл ақшаларын доллар деп атаса, араб елдері динар дейді. Ал Латын Америкасы мемлекеттерінің көпшілігі валюталарын песо деп атайды. Қазақ қана төл ақшасын теңге дейді десек, қателесетін шығармыз. Өйткені көршілес Түрікменстанның манаты 100 теңгеден тұрады. Яғни олар өздерінің тиынын теңге дейді. Дәл осындай ұқсастық Ирак пен Иран арасында бар. Иранның риалы 100 динардан тұрады. Ал Ирактың негізгі валютасы динар деп аталады. Бір қызығы, Еуропа мемлекеттерінің ішінде Сербияның ұлттық валютасының аты да – динар. Айта кетейік, Тәуелсіздігін санаулы мемлекеттер ғана мойындаған Абхазия мен Оңтүстік Осетияда Ресей рублі пайдаланылады.