Ұзақ жолды көтере алмаймын, неге?
Көліктің қай түріне мінсем де құсқым келеді. Кейде пойызда да басым айналып, жүрегім айниды. Ұзақ жолда құсып, өзімнің де берекем кетеді, өзгелерді де мазалаймын. Осы әдеттен қалай құтылуға болады?
Жанар ӘМІРБЕКОВА, Ақтөбе қаласы
Құтқару қызметі мамандарының түсіндіруінше, көлікпен алыс жолға шыққанда, адамның басы айналуы, әлсіреуі мен жүрегінің айнуы олардың бас пен дене қозғалысына тәуелді вестибулярлы аппаратының (құлақтың ішкі жағы) әлсіздігінен. Халықтық медицина мұны «теңіз ауруы» деп те атайды. Мұндай адамдар ұшаққа мінгенде міндетті түрде кәмпит, әсіресе, «Взлетная» арнайы мұзкәмпитін сорып отыруы керек. Вестибулярлы аппаратты әлсіздерге ұшақ қанаттарының аралық тұсындағы орындар қолайлы. Ал жол қозғалысын көтере алмайтын адамдардың автокөліктің алдыңғы орнына маңдайы терезеге қарап отырғаны жөн. Кемеге мінгенде мұндай адамдар камбуз (кеме асханасы) иісінен аулаққа немесе каютадан шықпай отырғаны дұрыс. Құлақ жүйкесі әлсіз адамдардың ұзақ жол жүрерде тойып тамақ ішпеуі, спиртті ішімдіктер қолданбауы, сондай-ақ жол үстінде кітап оқымауы қажет. Ең бастысы, «менің көңіл күйім жақсы, бұл сапардан тек қана ләззат алуым керек» деген қуатты ойды бастан шығармаған абзал.