«Үш Татьяна» туралы білгім келеді
Алматыда «Үш Татьянаның» концерті өтеді деп естіп едім. Осы жөнінде қысқаша, нақты ақпарат берсеңіздер?
Айдана Дүйсәліқызы, Ақтөбе облысы
Ертең 5 маусым күні кешкі сағат 19.00-де Алматыдағы Республика сарайында қазақ ән өнерінде өз дауыстарымен ерекшеленіп жүрген «Үш Татьяна» – Татьяна Полтавская, Татьяна Бурмистрова және Татьяна Мартыненко сынды талантты әншілердің бірлескен шығармашылық ән кеші өтеді. Тоқсаныншы жылдардан бері үлкен сахналар мен эфирлерден көрінбей кеткен үш ару араға 30 жыл салып өнерге қайта оралып отыр. Өткен ғасырдың 70-80-жылдары қазақ әндерін тамылжыта орындайтын үш өнерпаздың есімі кезіндегі Кеңестер Одағына өте танымал болды.
Қазақ әнін әуелетіп, домбырада шебер ойнайтын «Үш Татьянаның» концертін «КТК» телеарнасы ұйымдастыруда.
Қазіргі уақытта Татьяна Бурмистрова – қазақ өнерін дәріптейтін ұлттық орталықтың жетекшісі, Татьяна Полтавская Ресейде музыка саласының ұстазы қызметін атқаруда. Татьяна Мартыненко болса қазақтың келіні, үш баланың анасы, балабақша меңгерушісі қызметінде.