Үндістанда джайнизм деген дін бар
Үндістанда буддизмнен бөлек джайнизм атаулы діни сенім бар екен, оның басты принципі қандай?
Еркін ҰЛЫҚБЕК, Тараз
Джайн – Үндістанда өте ертеден келе жатқан діни сенім болып табылады. Бүгінде өзін джайндардың қатарына жатқызатындардың саны бес миллион адамға жуықтайды. Қазіргі кезде бұл діни таным үндістандық мигранттар арқылы Солтүстік Америкаға, Қиыр Шығыс, Австралия және басқа да ірі аймақтарға таралуда. Бұл сенімнің басты талабы – тіршілік атаулының ешбіріне зиян келтірмеу. Міне, сондықтан да аталған діннің өкілдері ешуақытта ет жемейді және қару ұстамайды. Кейде көзге көрінбейтін ұсақ жәндіктерді байқаусыз өлтіріп алмау үшін жүретін жолын арнайы сыпыртқымен тазалап жүретін, немесе ауа құрамындағы тіршілік белгісіне залал келтірмеу үшін сүзгі арқылы демалатын діни қызметкерлерді кездестіруге болады. Олар да будда дінінің өкілдері секілді кез келген тіршілік иесінің жаны болады және ол өседі, жетіледі деп есептейді.