Ұлы бар аналарға он бір кеңес
Сезінген нәрсесін сөзбен айтып жеткізуге бейімдеңіз. Бала қажыған кезде айғайлауы, ұялған сәтте тығылуы, қорыққанда жылап, толқығанда тістенуі мүмкін. Оның өзін қалай ұстау керектігін тәннің мәжбүрлеуі екенін түсіндіріңіз. Дәл сондай сезім кезінде өзге адамдардың өзін қалай ұстағанын көрсетіңіз. Балаңызбен өз көңіл-күйіңізді әңгімелеңіз. Ертең есейген кезде ашу мен ұялудың, көңіл қалу мен қайғының аражігін айыратын болады. Өзінің сезімдерін бақылап үйренеді. Оларды дұрыс сездіруге дағдыланады.
Балаңыздың ең сенімді жанкүйері болыңыз. Мұны түсінбес бұрын талай мәрте оның мектептегі жетістіктерін айтып, әлеуметтік желіні шулатарсыз, туған күнінде жақсы көретін әнін салып берерсіз, қыздардың көзінше бала күнгі суреттерін көрсетесіз. Бір күні ұлыңыз келіп: «Жетер, анашым, тоқта» дейді. Ол ұялар. Бірақ жер бетінде сізден артық жанкүйері, қамқоршысы жоқ екенін түсінеді.
Оған кітап оқып беруді, онымен бірге оқуды әдет етіңіз. Бала ата-анасының тізесінде отырып кітап оқығанды үйренеді. Балаңыз сіздің кітап оқығаныңызды көріп өскені абзал. Не оқығаныңызды айтып беріңіз оған. Өзіңіздің жақсы көретін жазушыңызды, ұнататын шығармаларыңызды ортаға салыңыз. Кітап оқудың маңызын ерте жастан санасына құюға тырысыңыз. Бірге оқыңыздар. Сосын бірге талқылап, қиялға бірге беріліңіздер. Балаңыздың жақсы көретін ертегі кейіпкерінің суретін салуға көмектесіңіз. Белсенді оқырман болуға үйретіңіз.
Үлгі алуға тұрарлық жақсы адамдардың барына көзін жеткізіңіз. Ақылды, батыл, мықты, дарынды, адал адамдар туралы көп айтыңыз. Ондай адамдармен таныстырып жүріңіз. Атақты жазушы, саяхатшы, зерттеуші, ғалым, суретші, ғарышкер, әртістер туралы көп әңгімелеңіз. Олар қалай өмір сүрді, жетістікке жету үшін қандай қиындық көрді, соның бәрін қалай жеңгенін тәптіштеңіз. Сыртқы әлпеттен гөрі, жан сұлулығы маңызды екенін ескертіп отырыңыз.
Бәрібір бұзатын заттарды алаңсыз бүлдіруіне мүмкіндік беріңіз. Егер балаңыз киімін кір қылып келген сайын, оған ұрыссаңыз, бекер уақыт жоғалтасыз. Әрі баланың рухын сындырып аласыз. Адам өз қуатын ашуға жеңдірмегені дұрыс. Бала ағашқа өрмелеп, лай суды кешіп жүріп өмір таниды. Бұл қалыпты үдеріс. Көніңіз. Қабылдаңыз.
Оның қызығушылығын тудыратын дүниеге мән беріңіз. Ол ұнататын футболды бүге-шігесіне дейін біліп алыңыз. Қай команданы жақсы көретіні, қай ойыншыны ерекше пір тұтатынын анық біліңіз. Оның сүйікті әнін, ол салатын пандалардың суретін салуды үйреніңіз. Оның өміріне белсенді атсалысқаныңыз жөн. Сыртынан көз қырын салатын бақылаушы болмаңыз.
Ойнауға мұрсат беріңіз. Сіз қанша қаласаңыз да, балаңыз үнемі жеңе бермесі анық. Сіз оған үнемі: «Көп жаттығу жасаған соң, сен жеңімпаз болдың» дерсіз. Бірақ ол түсінбеуі мүмкін. Түсінбегені де дұрыс. Өйткені, үнемі жеңе беру мүмкін емес. Дегенмен, баламызды көңіл қалудан сақтағымыз келуі де қалыпты әрекет. Бала өмірден әлі талай таяқ жейтінін білмейді. Дүние алма кезек екенін ұғындырыңыз. Бұл жеңілуге дайын бол деген сөз емес. Тек жеңілгенде берілмеу керектігін үйрету.
Өзгеге көмектесуге мүмкіндік беріңіз. Көмектесуге мүмкіндік беру мен күштеп жұмсаудың айырмасы жер мен көктей. Мүмкіндік беру – жүрекке жігер отын береді. Сол оттан бүкіл әлем жарық болады. Өзіңізде оған үлгі болыңыз. Әрдайым көмектесуге дайын болыңыз.
Анасы ұлының хан сарайы болуы керек. Ұлыңыз тәй-тәй басқанда, анасынан бір-екі қадам ғана алыстайды. Сосын қайтып оралады. Тағы да әрірек жүреді де, қайтып келеді. Сурет салып үйренгенде, анасының мақтағанын күтеді. Әріп үйренгенде, бір кітапты анасына 20 рет оқып береді. Өйткені, анасы оны 50 рет тыңдауға дайын. Футбол ойнауды бастағанда, жанкүйерлер арасынан сізді іздейді.
Ауырып қалса, анасына қоңырау шалады. Бір нәрсені бүлдіргенде анасынан көмек сұрайды. Тіпті, үлкен жігіт болған кезде де өз сезімінен қымтырылмай, анасының иығына келіп жылауы мүмкін. Азамат атанып, өз үйі болып, үйінде әйелі болса да, сіз оның анасы болып қала бересіз. Аспандағы күн сияқты ешқашан өзгермейтін мәңгілік жарығы, шуағы, от алатын пеші сіз – анасы боласыз
«Неге?» деген сұрақ қойғанда, міндетті түрде жауап беріңіз. Білмесеңіз жауабын бірге іздеңіз. Ол жауапты қайдан таба алатынын көрсетіңіз. Туыстардан сұрасын, интернет, энциклопедиядан оқысын. Қарсы сұрақ қойыңыз. Өзі де ойлансын. Егер өзі ұялатын сұрақ болып, сізден сұрай алмаса, ол оны қайдан табатынын білетін болады.
Әкесі басты нәрселерді үйретсін. Егер әкесіне баланың тәрбиесіне етене араласуға орай жаратсаңыз, баланың санасында оның әкесі бәрін біледі деген дұрыс түсінік қалыптасады. Сіз әрдайым сүйікті ана болып қала бересіз. Бірақ, ұл бала үшін әкенің жөні бөлек. Ол үшін әке барлық сұрақтың жауабын білетін адам.
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ