Ұйқысыздық қаншалықты зиян?
Әртүрлі жағдайлармен кейде күнімен, түнімен көз ілмеуге тура келеді. Бірақ уақтылы ұйықтамаған зиян көрінеді. Мысалы, түнімен ұйықтамаған адамның ағзасы тек екі тәуліктен кейін ғана қалыпты жағдайға түсетіндігі рас па?
Тұрдыбек МОЛДАҚЫН, Ақтау қаласы
Қатарынан бірнеше күн түгіл, бір күн ұйықтамаудың өзі адам ағзасына айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Бұл әсіресе әйел адамдарға қатысты. Өйткені әйел ағзасындағы көптеген функция биологиялық уақытқа сай реттеледі. Бұл ретте, бір түнгі ұйқысыздықтың салдарын жою үшін екі түн алаңсыз ұйықтау қажет. Бірақ, әдетте, біз ұйқысыз өткен түннен кейін де қалағанымызша ұйықтамаймыз, ретіне қарай ғана демалуға мәжбүрміз. Сөйтіп, ұйқының қанбауы салдарынан адамның жүйке жүйесі бұзылады, ашушаңдық, көңіл күйдің тоқырауы пайда болады, жол апатына ұшырау қаупі артады.
Сондықтан ұйқыны елемей қоюға болмайды. Себебі ұйқыны мүлде ысырып қойып, денсаулыққа нұқсан келтірмей, тиімді жұмыс істеу тәсілін адамзат баласы әлі ойлап таба қойған жоқ.