Ұйқыашар – жарасым дәмі
Наурызды тойлаған кезде «ұйқыашар» деген тағамның әзірленетінін айтып жатады. Осы ұйқыашар туралы толық мәлімет берсеңіздер екен.
Елдар ШӘРІПОВ
Наурыз мерекесі жастардың бойындағы бұлқынған сезімге ерекше шабыт сыйлаған. Наурыз мерекесі жігіттің көкірегінде бүр жарған ұлы сезімін сүйгеніне айтуға дем береді. Осылайша, Наурыз екі жастың жарасуына жол ашқан. Салт-дәстүрі өмірлік заңына айналған ата-жұртымыз қыз бен жігіттің қосылуын мерекеге ұластыра білген. Соған арнап «Селтеткізер» атты әдемі дәстүрді өмірге алып келді. Дәстүр бойынша мереке күні жігіттер нәзік жандыларға айна, тарақ, сақина, сырға секілді бұйымдарды тарту етеді. Одан әрі қарай мерекенің жалғасы ретінде бойжеткендер ұйқыашар ұйымдастырып, нәзік жандылар көңілі қалаған бозбалаларға дәмді етіп ас пісіріп береді. Пісірілген дәмнің аты «Ұйқыашар» деп аталады. Ұйқыашар қыз-жігіттердің бір-біріне деген сезімі мен махаббатын арттыра түсуге дәнекер болған. Осылайша, жігіттер селтеткізер сыйлық сыйласа, сылқым сұлудан дәмді тағам тартылатын. Аталмыш дәстүр – екі жастың жүрек жарастығының бастамасы іспетті.
Ұйқыашар – ет, тәтті уыз сияқты дәмді тағамдар. Әдетте ұйқыашарды соғымның соңғы етін уызға салып дайындаған немесе ұлттық тағамдардың басқа да түрлерін ұсынған. Жылқының майы мен құйрық-бауырын араластырып та ұйқыашар ұсынғандар болыпты. Тiптi бұлақтың таза суын да берген деседi. Ұйқыашар ретiнде, сондай-ақ зереге боза, қымыз құйып әкелген екен.