Туу туралы куәлікте әкесінің атына «ұлы» деп қосу міндет пе?
Үлкен ұлым Алматы облысында туған еді. Сол кезде баламның туу туралы куәлігіне фамилиядағы -ов жалғауын алып тастап, ата-тегін ешқандай жалғаусыз Қуат деп жазып берген болатын. Енді екінші ұлым Оңтүстік Қазақстан облысында туылды. Оған туу туралы куәлік алуға барсам, әкесінің атына «ұлы» деп қосып жазамыз дейді. Мен үлкен ұлымның туу туралы куәлігінде ешқандай қосымша жоқ екенін түсіндіріп, екеуінің тегі бірдей болуын қалайтынымды айтсам, АХАЖ бөліміндегілер «олай болмайды» дейді. АХАЖ бөліміндегілердің осы талабы дұрыс па?
Қуат ДЕМЕСІНОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы
Әділет департаментінің Call centr орталығы маманының мәліметінше, балаға туу туралы куәлік алу үшін сіз тұрақты мекен жайыңыз бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш беруіңіз қажет.
Қолданыстағы «Неке және отбасы» туралы заңнаманың талаптарына сәйкес, ата-аналарының қалауы бойынша баланың тегiн ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, қазақ ұлтына тән емес жалғауларды алып тастап жазып беруге құқылы.
Осыған орай, Сіз балаңызға қазақ ұлтына тән емес жалғауды алып тастап, тек беруге құқылысыз. Бұл ретте, жергілікті АХАЖ бөлімінің талабы орынсыз. Балаға туу туралы куәлік алуға өтініш беруді «Электронды үкімет порталы» арқылы жүзеге асыруға болады. Егер сіз ауылды жерде тұрсаңыз, онда баланың туу туралы куәлігін алуға өтінішті жергілікті АХАЖ бөліміне, ол болмаған жағдайда тұрғылықты мекенжайыңыздағы тіркеуші органға беруіңізге болады.