Тұсқағазды ұқыптап жапсыру керек
Жақында базардан үй қабырғаларына жапсыратын тұсқағаз сатып алғанмын. Оны енді өз бетімше жапсырып көрмекшімін. Қажетті құралдардың барлығы дайын. Сұрайын дегенім – тұсқағазды қабырғаға қалай жапсыруға болады?
Айгүл БОЛАТҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Тұсқағазды қабырғаға жапсыру үшін алдымен қабырға бетін желімдейді, одан кейін қағазға желім жағылған газетті немесе матаны жапсырады. Қондырылған газеттік қағаз кепкеннен кейін алдын ала желім жағылған тұсқағазды өте ұқыптылықпен қабырғаға жапсырады да, үстінен құрғақ шүберекпен сипап, бастырып жапсырады. Бір шаршы метр қабырғаға 140 г желім жұмсалады. Өнеркәсіпте жуылатын және жууға болмайтын тұсқағаз түрлері шығарылады. Жуылатын тұсқағазды қарапайым желім түрлерімен қабырғаға жапсыруға болмайды. Өйткені жуған кезде тұсқағаздың ішкі беті ылжырап кетеді де, қағаз іри бастайды. Сондықтан жуылатын түсқағаз үшін әдейі поливинилацетат эмульсия негізінде дайындалған желімдерді қолдану керек. Мұндай желім арқылы бұрын сырланған, әктелген қабырғаларға алдын ала қағаз жапсырмай-ақ тұсқағазды тікелей қондыруға болады.