Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларды әлеуметтік қорғау
Менің үш балам бар. Балабақшада орын болмағандықтан, жұмысқа шыға алмай отырмын. Отағасының табысы еш нәрсеге жетпейді. Осы орайда білгім келгені, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға нақты қандай әлеуметтік көмектер көрсетіледі? Көмек алу үшін қайда өтініш беруіміз керек?
Қаламқас, Алматы қаласы
Бұл сауалға Бостандық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Маржан ҚОЖАБЕКОВА жауап береді:
– Қазіргі таңда маңызды мәселелердің бірі әлеуметтік тұрақсыздық болып табылады. Сондықтан да біз бүгінгі қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты күшейтуіміз керек. Соңғы 15 жылдың ішінде біздің әлеуметтік сала көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Елбасымыз атап айтқандай, мемлекеттік әлеуметтік қолдау тек мұқтаж топтарға ғана көрсетілуі тиіс. Осы орайда ауданымыздың жағдайы төмен отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы, тұрғын үй көмегі, бір жолғы материалдық көмек және су есептегіш құралдарын қоюға және ауыстыруға кеткен шығынды қайтару жәрдемақысы уақтылы көрсетіліп отырады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы Заңына сәйкес жан басына шаққандағы айлық табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Биылғы жылдың басында отбасы мүшелерінің саны 129 адамды құрайтын тұрмыс жағдайы аз қамтамасыз етілген 33 отбасыға жалпы сомасы 3 563 170 теңгені құрайтын әлеуметтік көмек тағайындалды. Қазақстан Республикасының «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңына сәйкес, балаларға арналған жәрдемақы орта есеппен жан басына шаққандағы айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, Астана және Алматы қалаларында белгіленген азық-түлік себетінің құнынан төмен отбасыларға тағайындалады. Жыл басынан балалар жәрдемақысы 54 отбасының 137 баласына тағайындалып, 1 204 055 теңге көлемінде қаражат төленді. Алматы қалалық мәслихаттың шешіміне орай, «Арнайы қалалық жәрдемақы туралы» жеке санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында Бостандық ауданы бойынша жасы келген 29575 зейнеткерге 2013 жылдың басынан бір айлық есептік көрсеткіш –1731 теңге көлемінде арнайы қалалық жәрдемақы төленеді.