Түрксой-ға қанша мемлекет мүше?
Бүгінгі күні халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы көптеген іргелі, игі істермен айналысып жатқанын БАҚ арқылы жиі естиміз. Жалпы, мені осы ұйымның атқарып жатқан істері қатты қызықтырады да қуандырады. Мен ТҮРКСОЙ ұйымының қай уақытта құрылғанын және оған қанша елдің мүше екенін білсем деп едім. Оған кіретін мемлекеттердің атын жазып жіберсеңіздер екен?
Айгүл Қасымова, Алматы қаласы
Бұл ұйым 1993 жылы Алматыда Кеңес Одағы тараған соң, өз тәуелсіздігін алған бес түркі тілдес республикалардың, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мен Әзірбайжанның түркі халықтарының арасындағы үзіліп қалған мәдени қатынастарды қайтадан жандандыру мақсатында Түрік Республикасымен қол қойылған хаттаманың негізінде құрылған болатын. Алайда оған дайындық жұмыстары бір жылдан кейін ғана басталған еді. Қазір ТҮРКСОЙ халықаралық аренада өзіндік орны мен қолтаңбасы бар, түркітілдес халықтар мекен ететін 14 тәуелсіз республиканы қамтыған іргелі ұйым болып табылады. Оған жоғарыда аталған бес елден басқа Ресейдің субъектілері: Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Тыва, Хакасия, Саха, сондай-ақ Молдованың құрамындағы Ғағауыз Йері мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасы мүше. Осы жерде айта кететін нәрсе, бұлардың тек алтауы ғана ұйымның құрылтайшысы болса, қалған сегіз республика бақылаушы мәртебесіне ие болып отыр. Осы уақыт ішінде ұйымның түркі халықтарының ортақ мұраларын дүниежүзіне насихаттау мақсатында өзге де халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастар орнатылды.