Әр елдің жыл санауы әрқалай болып келетін себебі неде? Түркілердің жыл санауы қай кезеңнен бастау алады?
Рабат СӘРСЕНБЕКҰЛЫ, Ақтөбе қаласы
Кез келген халықтың өзіне тиесілі жыл санау жүйесі, алғашқы жылды белгілеу тәртібі бар. Ол әдетте сол халықтың тағдырына қатысты айтулы бір оқиғамен байланысып келеді. Мысалы, римдіктер Римнің іргесі қаланған жылды «бірінші жыл» деп санады. Орыс жылнамашылары 862 жылды «орыс тарихының басталуы» деп есептесе, француздар үшін жыл санау 843 жылдан басталады. Арабтар Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мединеге қашқан жылын хижраның басы деп белгіледі. Ал түркілер үшін 545 жыл жыл санау жүйесінің бастауы болып есептеледі. Себебі дәл осы жылы олар Қытай императорларынан айласын асырып, бұдан былай оларға үстемдік жүргізе бастайды. Ғасырларға созылған соғыстардан титықтаған Батыс Вэйдің әмірі Вән ди, 545 жылы жәрдем сұрап, Бумын Қағанға өз елшісін жіберуге мәжбүр болады.
Сонымен көне түркілердің жыл санауы бойынша есептесек, биыл – 1465 жыл болып шығады екен. Түркілердің есебі бойынша бір жылда – он екі ай, бір айда – үш апта, бір аптада тоғыз күн бар.