Тұңғыш театр қашан ашылды?
Қазiргi уақытта елiмiздiң әр облысында жаңа театрлар жұмыс iстеп жатқанынан хабардармын. Солардың iшiндегi ең алғашқысы қайсысы? Жалпы, Қазақстанда қанша театр бар?
Сейсен БЕКОВ, Қарағанды қаласы
Бүгiнгi таңда республикамыз бойынша ресми тiркелген 55 театр жұмыс iстейдi. Бұлардың барлығы да мемлекет қамқорлығындағы театрлар болып есептелiнедi. Ал қазақ кәсiби сахна өнерiнiң негiзгi көшбасшысы – Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры. Орталық Азия аймағындағы драма театрлардың алдыңғы легiнен орын алатын, сонау 1926 жылы негiзiн қалаған өнер ордасының тiзгiнiн ұстаған атақты тұлғаларымыз Ж.Шанин, Ж.Аймауытов, С.Сәдуақасов, М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмiрзақов, С.Қожамқұлов, Ш.Айманов, Қ.Бадыров тағы да басқа тарланбоздардың есiмдерi әрдайым құрметпен еске алынады.
80 жылдан астам тарихы бар осы өнер ордасында көрiнiстердi қоятын Үлкен және Кiшi деп аталатын екi зал бар. Үлкен залға 850 көрермен сыятын болса, театрдың Кiшi залы 300 адамға арналған.
Бүгiнгi таңда республикамыздағы iргелi өнер ордалары болып отырған Опера және балет театры, «Қазақконцерт» бiрлестiктерi кезiнде М.Әуезов театры құрамынан бөлiнiп шыққан музыкалық театр негiзiнде құрылған өнер ұжымдары.