Тұңғыш мейрамхана қайда болған?
Еліміз нарықтық қатынастарға көшкенге дейін мейрамханалар тек ірі қалаларда және бірді-екілі өте аз болатын. Қазір тіпті аудан, ауылдарда да небір мейрамхана, тойханалар жетеді. Менің білейін дегенім – адамзат тарихындағы ең алғашқы мейрамханалар қашан, қай елде пайда болған?
Айгүл Райымқұлова, Алматы облысы
Рас, бүгінде не көп, жекеменшік мейрамханалар жетерлік. Тек қалтаңыз көтерсе болғаны, қалаған мейрамханаңыздан сүйікті асыңызға тапсырыс бере аласыз. Бүгінде әлемде ұлттық тағамдар ұсынатын мейрамханалар жоғары бағаланады. Ең алғашқы мейрамхана Қытайдың мәдени, саяси, экономикалық орталығы Ханчжоуда XIII ғасырда пайда болған. Сол уақыттың өзінде ол қалада 1 миллионнан астам тұрғын болған. Алғашқы мейрамханалар шағын шайхана түрінде ашылды. Ал батыста трактир, таверна дегендер сонау антикалық заманда болған. Бірақ ол жерден жергілікті халық тамақтанбаған. Тек XVIII ғасырда ғана қонақтардың қалауынша ас әзірлейтін мейрамханалар ашыла бастады. Гиннесстің рекордтар кітабындағы деректерге сүйенсек, әлемдегі ең көне мейрамхана – Мадридтегі Собрино-де-Ботин. Бұл мейрамхананы 1725 жылы париждік азамат ашқан. Қазіргі кезде біздің елімізде мейрамханалар өте көп болғанымен, олардың көпшілігі Еуропа және қытай, кәріс тағамдарын даярлайды. Бізде салыстырмалы түрде алып қарағанда, әлі де ұлттық мейрамханалар аз.