Тундрада өсімдік өсе ме?
Жер бетіндегі қысы өте суық және тоғыз айға созылатын аймақ – тундра. Білгім келетіні, мәңгілік тоң аймағы болып есептелетін тундрада өсімдіктің қай түрі көбірек өседі?
Гүлжан ЕРБАҚЫТ, Талдықорған
Тундра табиғи аймағы Еуразия мен Американың солтүстік жағалауын бойлай алып жатыр. Тундраның солтүстігін ала бере полярлі шөлейттер басталады. Ал оңтүстік жағында тайга орналасқан. Тундраның климаты қатал және үнемі суық жел соғып тұрады. Ал төмен температураның салдарынан жер алты метр тереңдікке дейін мұз болып қатып жатады. Жазда әдетте топырақтың ең жоғарғы қабаты ғана жібіп үлгереді. Ал бұл небәрі 30 сантиметрді ғана құрайды. Сол себепті де тундраны мәңгілік тоң аймағы деп атайды. Соған қарамастан өсімдіктер осы қатал климатқа жақсы бейімделген. Суық түскенге дейін жеміс беріп үлгеру үшін олар жаз шығысымен тез арада гүлдей бастайды. Сөйтіп, жазда тундра гүлденген, сан бояулы келісті кілемге айналады. Бұл арадан әртүрлі шөптерді, кішкентай бұталар мен жемістерді, саңырауқұлақтарды кездестіруге болады. Бірақ тундрада бәрінен бұрын мүк пен қына көп өседі. Тундрада жылу топырақтың жоғарғы бетіне жақын жерде ғана сақталады. Сондықтан да бүкіл өсімдіктер жерге жабысып өседі, желден солай қорғанады. Иә, тундра – аласа бұталар мен шөптердің, қыналар мен мүктердің және ергежейлі ағаштардың патшалығы. Тундрада кішігірім өзендер мен батпақтар көп, олар жазда полярлі құстардың көпшілігінің мекеніне айналады. Демек, мәңгілік тоң аймағы болып есептелетін тундра – соншалықты қорқынышты аймақ емес.