Сиыр сүтінің құрғақ түрін пайдаланып жүрміз. Ал ұлттық сусындарымыз - қымыз бен шұбатты құрғақ күйінде сақтауға бола ма?
Жадыра АМАНГЕЛДІ, Астана.
Шұбатты да құрғатуға болады екен. Оңтүстік Қазақстан облысының ғалымдары қазақтың ұлттық тағамы – шұбатты құрғақ күйінде сақтаудың жаңа әдістері бойынша инновациялық патентке ие болды. Табиғи шұбаттың таблеткалы және ұнтақ түрін жасау жолын тапқан мамандар алдағы уақытта түйе сүтінен жасалған йогурт, балқаймақ және шалаптарды экспортқа шығаруды мақсат тұтып отыр. Ғалымдардың айтуынша, өнімнің ылғалын сорып алу әдісі арқылы шұбат сусынын құрғақ түрінде ұзақ мерзімге сақтауға болатын көрінеді. Ол процесс 6 сағатқа созылады. Түйе сүтін қатырып, ауасын сорып алған соң, одан әртүрлі өнім жасауға болады. Егер кәдімгі шұбатты бір аптадан артық сақтауға болмайтын болса, бұл өнім жарты жылға дейін сақталады. Қазіргі уақытта Шымкенттегі «Химфарм» зауытынан келісімшарт бойынша сынақ ретінде алты литр түйе сүтінен таблеткалар жасап шығарылды.