Туды көрінген жерге тігуге болмайды
Мемлекеттік туды кез келген жерге орналастыруға болмайтынын білеміз. Дегенмен көкбайрағымыз қандай жерлерде тігіліп тұруға міндетті? Сонымен қатар мемлекеттік ту қандай жағдайда төмен түсіріледі?
Сабыр МЕРГЕНҰЛЫ, Орал қаласы
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мынадай орындарда міндетті түрде орналастырылады:
Қазақстан Республикасының Президенті Резиденциясының, Парламенттің, Сенат пен Мәжілістің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Конституциялық кеңестің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мен жергілікті соттарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкілдіктерінің, шетелдегі басқа да ресми мекемелерінің, шетелдегі мекемелерінің басшылары резиденцияларының ғимараттарында және сол мемлекеттің хаттамалық практикасына сәйкес көлік құралдарында.
Ғимараттарға тұрақты тігілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туына тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұруға тиіс.
Ұлттық аза тұтуға байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы аза тұту мерзімі ішінде ту тұғыр биіктігінің жартысына дейін төмен түсіріледі.